Оның айтуынша, Алматы облысында 7 орман шаруашылығы мен 1 жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі жедел қызмет мекемелерінде 632 қызметкер жұмыс жасайды. Оның 387-сі орман күзеті, 77-сі инженерлік-техникалық жұмысшылар. Биыл облыс әкімінің қолдауымен орман күзетіне 64 штаттық бірлік бөлініп, мамандар 1 наурыздан бастап жұмысқа кіріскен.
«Облыста 10 орман өрт сөндіру стансалары орналасқан, онда 111 қызметкер жұмыс жасайды. Жалпы орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базамен қамтылуы 72 пайызды құрап отыр. Оның ішінде, 14 дана өрт сөндіру көлігі, 14 тіркемелі су таратқыштар, 554 байланыс құралдары бар. Биыл техника сатып алуға 162,4 млн теңге бөлінді. Бұл ақшаға 1 дана өрт сөндіру көлігі, 1 тіркемелі су таратқыш, 1 трактор, 5 патрульдік автокөлік, 2 мотоцикл, 7 байланыс құралдары сатып алынады», – деді Қанат Нүсіпбаев.
Сонымен қатар басқарма басшысы 2023 жылдың өрт маусымына дайындық 6 наурызға дейін белгіленіп, техника, құрал-жабдықтар жөнделіп, жанар-жағармай алынғанын атап өтті.
«Өрт қаупі жағдайын бәсеңдету үшін 246,5 гектар жерді өртеп, өшірдік. Бұдан бөлек, аудандар көлемінде 7 және облыстық деңгейде 1 оқу-жаттығу өтті. Арнайы интернет портал арқылы орман қорына мониторинг жүргізіп отырамыз. Демалыс және мейрам күндері таулы аймақтарда, ормандарда уақытша посттар қойылады. Бұл ары-бері өткен көліктерді тіркеп, кез келген жағдайды бірден біліп отыруға мүмкіндік береді. Халыққа түсіндірме жұмыстары да үнемі жүргізіледі», — деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, облыста мемлекеттік парктерді қоса алғанда 3,2 млн гектар орман қоры бар. Оның 2,2 млн гектары орман шаруашылықтарына тиесілі.