«Биыл 811 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Өткен жылы кезекте тұрған азаматтардың 1445-і пәтер алды, биыл тағы 1144 адамды қамтитын боламыз», — деді әкім.
Сондай-ақ облыс әкімі өңірде қолға алынған «Алатау жастары» баспана бағдарламасы туралы да айтты.
«Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында қабылданған «Алатау жастары» өңірлік бағдарламасы бойынша былтыр 16 жас отбасы баспана алды. Биыл 200 отбасы үшін жергілікті бюджеттен 3,6 млрд. теңге бөлінді», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Бұдан бөлек, облыс әкімінің сөзінше, Алматы агломерациясындағы 270 саяжайға елдімекен статусы беріледі. Жалпы облыстағы 674 саяжайда 183 мың адам тұрады.
«Өткен жылдан бастап біз саяжай тұрғындарының мәселелерімен жүйелі түрде айналыса бастадық. Мысалы, жиырма жылда алғаш рет елдімекендердің бас жоспарларына түзету жүргізілді», — деді өңір басшысы.