Агенттікке Заң бойынша үш негізгі функция жүктелген. Біріншіден, превенция – сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою. Екіншіден, анықтау – бұл қылмыстарды ашу және жолын кесу бойынша жедел жұмыс. Ақырында, тергеу, яғни істің сапалы және заңды аяқталуы. Аталған үш блоктың басында алдын-алу бар.
«Сондай-ақ, жыл басынан бері бізге білім беру саласына қатысты 42 тұрғыннан шағым түсті, ал соңғы екі аптада 13-тен астам өтініш тіркелді. Шағымдардың көпшілігі Еңбекшіқазақ, Қарасай, Іле және Талғар аудандарынан келіп түседі. Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар саны азаймайды деген алаңдаушылық туғызады. Мұнда негізінен парақорлық және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілері басым», — деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Серік Орымбетов.
Өткен жылы Агенттік Төрағасы сыбайлас жемқорлықпен ұштасқан қоғам қызметінің түрлі салаларын қамтитын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын бекітті. Ең бастысы — аталған салалардағы сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жою бойынша мақсатты жұмыс жүргізу.
Алматы облысында осындай 3 сала анықталды: білім, денсаулық сақтау, жер қатынастары. Бұл ретте Агенттік Төрағасы жалаңаш сандарды қууға жол берілмейтінін нақты атап өтті.