Шараға Алматы облысының әкімі арнайы қатысып, тұрғындарды Наурыз мерекесімен және Мәдениет үйінің ашылуымен құттықтады.
Өңірдегі мәдениет басқармасының басшысы Әлия Жақыпбекованың айтуынша, нысан 260 орындық. Қазіргі таңда Мәдениет үйінің қызметкерлері толық жасақталып, жұмыс жасауға әзір болып отыр.
«Бүгін Наурыз мерекесіне орай нысанның халық игілігіне берілгеніне куә болып отырмыз. Мұнда вокал, би, тағы басқа үйірмелер ашылады деп жоспарлап отырмыз», — деді басқарма басшысы.
Салтанатты ашылу рәсімінде дүйім жұртқа аты мәшһүр суретші Амандос Ақанаевтың көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ облыстық Сүйінбай атындағы филармониясы әншілері, күйші Секен Тұрысбековтің, «Ақжауын» оркестрінің концерті өтті.
Жиналған жұртшылықтың қуанышында да шек жоқ.
«Бірнеше жылдан бері осы ғимараттың қолданысқа берілуін күттік. Енді бұл жерде түрлі іс-шаралар, концерттер жиі өткізіледі деген үміттеміз. Бүгінгі концерттен жақсы әсер алып шықтық. Мереке құтты болсын!», — деді Алтынай Бақытқызы.