Бұл жиын туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі Telegram каналда ақпарат таратты.
Өңір басшысы Бейбіт Исабаев ұстаздар қауымын құттықтап, педагогтар арасында өткен облыстық конкурстың жеңімпаздарын марапаттады. Сондай-ақ жиында шетелдерде оқитын жетісулық жастардың құттықтау бейнежазбасы көрсетілді.
«Бүгінгі жаңа Қазақстанда саяси-экономикалық өзгерістермен қатар білім беруді жаңарту да аса маңызды. Өйткені экономиканың өзі түптеп келгенде білімге тәуелді. Яғни адами ресурстарды қалыптастыратын – біздің мектептер, сол мектептегі мұғалімдер, өздеріңіз! Жетісу өңірінде апатты, үш ауысымды мектептер жоқ. Ендігі мәселе — білім сапасын көтеру», — деді Бейбіт Исабаев.
Бұдан әрі шара марапаттау рәсімімен жалғасты. Кәсіби біліктілігі үшін 30 педагог облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.
«Еңбек ардагері» медалі № 3 облыстық педагогикалық-психологиялық-медициналық кеңесінің басшысы Ершіжан Ниязбекова мен № 9 педагогикалық-психологиялық-медициналық түзеу кабинетінің меңгерушісі, 20 жылдық тәжірибесі бар педагог Гүлшара Нұрышеваға берілді.
Сол сияқты Ескелді ауданындағы Н. Алдабергенов атындағы орта мектептің химия пәні мұғалімі Елена Степаненко «Жетісу ұстазы» атанды.
Көксу ауданындағы Н. Алдабергенов атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Надежда Ким болса, «Дарынды ауыл балаларына – талантты ұстаз» номинациясын жеңіп алды.
Сондай-ақ «Ұстаздар әулеті» байқауында үздік шыққан алакөлдік Ахмедияровтар, Ескелді ауданынан Шумақовтар, Сарқан ауданынан Ерболаевтар, талдықорғандық Айдыновтар отбасы жеңімпаздар қатарынан табылды.
Аталған жүлдегерлердің бәріне ақшалай сертификаттар табысталды. Кездесу соңы мерекелік концертке ұласты.
Айта кетейік, аймақта 20 мыңнан астам ұстаз қызмет етеді.