Балық аулау маусымы күзгі және қысқы мезгіл деп екіге бөлінеді. Табиғат аясында демалысқа шығып, балық аулауды ермек ететіндер үшін бұл мезгіл ең қолайлы уақыт. Десе де, тәртіпке бағынбай, қарапайым ережелерді қаперге алмайтындар үшін оның соңы қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін.
Алматы облысы ТДЖ мамандарының айтуынша, балық аулау кезеңі басталғаннан бері 1 адам көз жұмған. Қайғылы оқиғаның орын алуының басты себебі қауіпсіздік ережелерін сақтамау.
«Қыс мезгілінде су айдындарында мұз қатады. Оның қалыңдығы 30 см-ден жоғары болуы тиіс. Біздің әуесқой балық аулаушы азаматтар мұздың жұқалығын назарға алмайды. Қала берді арнайы құтқару құрылғыларын алуды ұмыт қалдырады. Тым болмаса қорғаныс күртесі мен сигнал беретін құрылғыны жандарына ұстап жүруі тиіс. Сондай-ақ, отбасымен демалысқа шыққанда спиртті ішімдік ішу салдарынан балаларын қараусыз қалдырып жатады. Оның соңы жақсылыққа алып келмейді», – дейді Алматы облысы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері, аға лейтенант Дидар Асқарбекұлы.
Департамент тарапынан қайғылы оқиғаның алдын алу мақсатында профилактикалық шаралар жүйелі түрде өткізіледі. Мәселен, балық инспекциясымен бірлесіп 210 рейд ұйымдастырып, тұрғындарға 2000-нан астам үгіт-насихат жазбаларын таратылған.
Рейдтік шара барасында сақтық ережелерін сақтамағандар анықталып, айыппұл салынған. Бүгінге дейін 288 мың теңгеден астам айыппұл төленген. Айта кетейік, бір реттік айыппұл көлемі 12 075 теңге. Көрсетілген соманы төлемеген жағдайда оның мөлшері 24 150 теңгеге дейін артады.
Мамандар әр адамды жауапкершілікке шақырады.