Ол газ құбырын іске қоспас бұрын, автоматтандырылған газ тарату станцияларына, кіру және қабылдау камерасына, тарату желілеріне барды. «Жетісу-ОблГаз» директоры Руслан Иштиряковтың айтуынша, бүгінгі таңда негізгі жұмыстардың барлығы аяқталып қалды.
«Қараша айының ортасына қарай зертханаларда жабдықты сұрыптау және аттестаттау аяқталып, сынақ жұмыстары басталады. Осы жұмыстардан кейін тұрғындарға жылу беріледі. Осылайша, үйлерге көгілдір отын бермес бұрын бәрін мұқият тексеруді жоспарлап отырмыз. Қазір бояу жұмыстары бітіп, жарықтандыру мен қауіпсіздік жүйесі орнатылды», — деді Руслан Иштиряков.
Облыс әкімінің орынбасары жұмыс барысымен танысып, күннің суып бара жатқанын ескеру жөн екенін, аудан тұрғындарының жылуды күтіп отырғандарын айтты.