«Агросекторда серпіліс жасау ел экономикасын өрге сүйрейді. Ол үшін отандық тауар өндірушілерді қолдау керек. Бұл ретте ірі шаруа қожалықтарының көпжылдық тәжірибесін ортақ іске тоғыстыру қажет», — деді Мемлекет басшысы.
Жолдауда жүктелген тапсырмаларды өңірлерде іске асыруға мүмкіндік мол.
Алматы облысы Бірлік ауылының тұрғыны Жандос Әбенұлының мал шаруашылығымен айналысқанына биыл сегізінші жыл. Ата кәсіпті қарқынды дамытуды мақсат етеді. Иелігінде үш мың бас ірі қара бар. Асыл тұқымды герефорд тұқымы 500 ден асады. Серіктестік малды асылдандыруға мемлекеттен субсидия алған.
«Субсидия алмаса мал шаруашылығына қиын. Субсидия алып отырамыз. Селекциялы жұмыстарға, жем-шөпке субсидия аламыз», — дейді шаруа қожалығының басшысы Жандос Әбенұлы.
Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының да елге септігі тиіп жатыр. Келесі кезеңінде жеңілдетілген несиемен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек деген еді Президент өз Жолдауында. Бұл ретте биыл Балқаш ауданында жеңілдетілген несиге 50-ге жуық адам қол жеткізген.
«350 өтініш түскен, 1 млрд үстіндегі қаражатқа тапсырыс. Бүгінде 43 адам 287 млн. теңге көлемінде кредитін алып, өзінің кәсібін бастап жатыр. Оның ішінде негізгі бағыт — ірі қара малын сатып алу», — дейді аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Дәрібаев.
Балқаш ауданының халқы негізінен ірі қара өсіреді. Өйткені жер жағдайы соған өте қолайлы. Қазір ауданда 150 мың бас ірі қара бар. Жем-шөп қоры мол өңірде осы күнге дейін 170 мың тонна қысқы мал азығы әзірленген.