Кезінде «ақ күріштің отаны» атанған Балқаш ауданы ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, шағын бизнес және инфрақұрылымдық даму бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде. 2024 жылы ауданда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 40 миллиард теңгеден асып, жергілікті тұрғындардың еңбегі еселеніп, мемлекеттік қолдау шараларының жемісті нәтижелері байқалды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Балқаш ауданының әкімі Азат Үкітайұлы мәлімдеді.
Ауданның басты байлығы – егістік алқаптары. Жыл қорытындысы бойынша, 28 мың гектардан астам жерге егін егілді, оның ішінде күріш басты дақыл ретінде 7 мың гектарға жуық жерге себілді. Бұл жетістіктерге мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың ықпалы зор болды. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарына қажетті 350 тонна арзандатылған дизель отыны шаруаларға дер кезінде жеткізілді. Бұдан бөлек, техникалық жабдықтармен және басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз ету өнімділікті арттыруға мүмкіндік берді.
Мал шаруашылығы саласы да қарқынды дамып келеді. Ірі қара мал саны 92 мыңнан асып, жыл бойында 14 мың тоннадан астам ет өндірілді. Мал қыстату науқанын сапалы жүргізу мақсатында аудан бойынша 160,9 мың тонна мал азығы дайындалды.
Аймақ экономикасының дамуына шағын және орта бизнес үлкен үлес қосуда. Қазіргі таңда ауданда 2600-ден астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. «Ауыл Аманаты», «Кең Дала» және «Агробизнес» секілді мемлекеттік бағдарламалар азаматтарға өз кәсібін ашуға мүмкіндік беруде. Өткен жылы «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында 144 азамат шағын несие алып, жаңа жобаларын іске асырды. Бұл бағдарламалар тек кәсіпкерлер санын арттырып қана қоймай, жалпы экономикалық белсенділікті де көтерді.
Баспасөз мәслихатында Азат Үкітайұлы инфрақұрылымды жақсарту жұмыстарына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп, 1000-нан астам үй көгілдір отынға қосылған.
«Бақанас, Ақдала, Бақбақты секілді ауылдарда газ желілері толық іске қосылып, халық отын мәселесінен біржола құтылды. Сонымен қатар, орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған елді мекендер саны артып, аудан тұрғындарының 95%-дан астамы таза ауыз суға қол жеткізді. Бұл жұмыстар жалғасын тауып, алдағы жылдары жаңа жобалар іске аспақ», – деді аудан әкімі.
Құрылыс саласында да маңызды жобалар жүзеге асырылды. Бақанас ауылында 5 қабатты, 40 пәтерлі жалгерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен жылы 5 мың шаршы метр тұрғын үйдің кілті табысталды. Бұдан бөлек, жастарға қызмет көрсету орталығы ашылды. Бұл нысандар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.
Аудан әкімі жол инфрақұрылымын жақсартуға ерекше назар аударғанын айтты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «жолдың сапасы жақсармай, еліміздің дамуы туралы сөз қозғау мүмкін емес» дегенін еске салды. Өткен жылы 28 көше жаңартылып, облыстық маңызы бар жолдарға асфальт төселді.
Балқаш ауданының әлеуметтік және экономикалық даму қарқыны мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуының нәтижесін көрсетеді. Аудан тұрғындарына сапалы қызметтер мен инфрақұрылым ұсынылуда, бұл олардың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізуде.