2023 жылдан бастап Қонаев қаласы мен аудан әкімдіктері пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін белсенді түрде қолға алды. Жалпы ауданы 348,2 мың гектарды құрайтын 1246 жер учаскесі бойынша шаралар қабылдануда, деп хабарлайды alataunews.kz.
Бүгінгі күні 74,7 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды, оның ішінде сот шешімдері арқылы 31,3 мың гектар жердің жалдау шарттары заңсыз деп танылып, күшін жойды. Қалған 43,4 мың гектар жер ерікті түрде және басқа жолдармен қайтарылды.
Қазіргі уақытта сотта 21,9 мың гектарды құрайтын 57 жер учаскесі бойынша талап-арыздар қаралуда. Сонымен қатар, әкімдіктер 56,5 мың гектар жерді тиімді пайдалану үшін салықты 20 есеге ұлғайту жөніндегі нұсқамаларды уақытында тапсыруды көздеп отыр.
Ауыл шаруашылығы жануарларын идентификациялау базасында тіркелген мал басы арқылы 46,3 мың гектар жер қайта пайдалануға кірісті. Бұл жұмыстар тұрақты бақылауда ұсталып, жерлердің тиімді игерілуіне бағытталған шаралар одан әрі жалғасын табады.
Мемлекетке қайтарылған жерлердің тиімді пайдаланылуы еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлес қосатыны сөзсіз.