Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы мен «Ауыл – Ел бесігі» жобасы ауылдық аймақтардың көркейіп, инженерлік инфрақұрылымның жақсаруына және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа инвестиция тартуға айтарлықтай ықпал етуде. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды alataunews.kz.
116 жоба: 47 миллиард теңге игерілуде
Аталған бағдарламалар аясында 2023 жылы 47 миллиард теңгеге жалпы 116 жоба жүзеге асырылып жатыр. Негізгі бағыттар бойынша жобалар саны:
• Сумен жабдықтау және су бұру – 57 жоба,
• Газбен жабдықтау – 25 жоба,
• Электрмен жабдықтау – 25 жоба,
• Жылумен жабдықтау – 8 жоба,
• Абаттандыру – 1 жоба.
Облыстағы газдандыру деңгейі қазіргі уақытта 51,4%. Қазірдің өзінде 146 елді мекен газбен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін қосымша 8 ауыл газдандырылып, көгілдір отынға 1,2 миллион адамнемесе облыс халқының 78%-ы қол жеткізетін болады.
373 елді мекеннің 348-і (93,3%) орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткіш республика бойынша үздік нәтижелердің бірі саналады.
Сонымен қатар, қалалар мен ірі елді мекендерде орталықтандырылған су бұру және кәріз тазарту құрылыстарын салу жұмыстары жалғасуда. Мысалы, Қонаев қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жалпы құны 20,5 миллиард теңгеге тәулігіне 30 мың м³ өнімділікке ие кәріз тазарту құрылыстарының құрылысы қолға алынды.
Аталған жоба Қонаев қаласын заманауи су бұру жүйесімен қамтамасыз етіп, санитарлық және экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.
«Ауыл – Ел бесігі» мен Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы ауылдық және қалалық аймақтардың дамуына серпін беріп, халықтың өмір сапасын арттыруды мақсат етеді. Бұл бастамалар еліміздің экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға маңызды үлес қосуда.