Елорда тұрғындары Алматы облысының өнімдерін қолжетімді бағада сатып алуға мүмкіндік алды. Жәрмеңкеге барлығы 230 тоннадан астам ет, сүт және көкөніс өнімдері әкелінді. Әсіресе Бақанас күрішіне кезек ұзын-сонар жалғасқан. Келушілердің айтуынша, бұл өңірдің өнімінің дәмі ерекше.
«Біз бұл жәрмеңкені күттік. Жыл сайын Алматы облысынан келетін азық-түлік сатып аламыз. Өйткені бәрі экологиялық таза және дәмді. Отбасым әсіресе Балқаш ауданынан әкелінетін етті жақсы көреді. Май мен қаймағы және айраны да дәмді», — дейді Астана тұрғыны Нұргүл Дәлелхан.
«Бұл алманың иісін алыстан сездім. Дәмін көрген соң, бірден бірнеше қорабын сатып алдым. Мұны балалық шағымның бал дәмі десем болады», — дейді Дәрігүл Қосжанова.
Айта кету керек, жәрмеңкеде Алматы облысының барлық аудандарынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 40-тан астам өнімі жеткізілген. Бұл күні елорда тұрғындары мен қонақтары қолжетімді бағамен картоп, қызанақ, қияр, пияз сатып алды.
Сондай-ақ, сиыр еті, қой еті мен жылқы еті , сондай-ақ жұмыртқа, ірімшік, түрлі шұжық өнімдері мен жемістер ұсынылды.