«Алқабилер сотының болуы менің таңдауым болды. Мен үшін бұл оңай таңдау емес. Әлеуметтік желіде, БАҚ-та тараған ақпараттар маған, жағдайды бұрмалау, алқабилердің ойын өзгертетінін түсіндім. Бұған қарамастан мен және менің қорғаушыларым ашық сот өткізуді шештік. Мен өзіме бір ғана мақсат қойдым — кем дегенде он адамға қайғылы оқиға болған түн туралы және Салтанат екеуіміздің қарым-қатынасымыз туралы шындықты жеткізу», — дейді Бишімбаев.
Бишімбаев қайғылы оқиға болған түні сынаққа тап болғанын, ол бұл сынақтан өтпегенін айтады. Сонымен қатар, экс-министр Салтанаттың жақындарынан, өзінің ата-анасы мен балаларынан кешірім сұрады.
«Менің жақындарымның еш кінәсі жоқ. Бұл жағдайға тек мен кінәлімін. Ешкімге өлім тілеген адам емеспін. Мұндай болады деп ойлаған жоқпын. Құрметті алқабилер, мен кінәлімін, бірақ қасақана, әдейі өлтірген жоқпын. Ұсталған күні-ақ бар шындықты айттым», — дейді экс-министр.
Бишімбаев алқабилерден әділ шешім шығаруды, пропагандаға ілеспеуін сұрады.
«Салтанаттың өліміне қатысым бар, кінәлімін, оған жауап беруге дайынмын. Мен абайсызда оның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, оның өліміне әкеп соққаны үшін кінәлімін. Мен кінәлімін, бірақ қасақана өлтіргенім жоқ», — дейді Бишімбаев.