Астанада құқық қорғау органдарының қызметкерлері рейд барысында 2 тоннадан аса насыбай өнімін тәркілеген.
Полиция департаментінің қызметкерлері аудан әкімдіктерімен бірлесіп, шегілмейтін темекі өнімдерін сатудың 70-ке жуық дерегін, оның ішінде насыбай өндірісі бойынша жерасты цехтарын анықтаған.
«Рейд барысында Байқоңыр ауданында полиция қызметкерлері насыбай өндіретін цехты тапты. Тәркіленген заңсыз өнімнің жалпы сомасы 10 миллион теңгеден асады. Астана Полиция департаментінің қызметкерлері рейд барысында Омаров және Асан Қайғы көшелерінің қиылысындағы жеке үйде 2 тонна насыбай сақталғанын анықтады. Нәтижесінде заңбұзушыларға 25 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салу түрінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 196-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — делінген хабарламада.
Барлық өнімдер тәркіленген.
Елорданың сауда орындары бойынша рейдтер күн сайын жүріп жатқаны айтылды.
«Астанада тыйым салынған темекі қоспасымен белсенді күрес жүріп жатыр. Елорданың барлық ауданында вейп пен насыбайдың заңсыз таралуы мен қолданылуын анықтау бойынша рейдтер жүргізіліп жатыр. Полицейлер сауда орындарын тексеріп, таратушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Рейдтік іс-шаралар апталығында елорданың бес ауданында 500-ден аса сауда орны тексерілді», — делінген хабарламада.