Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ауданға іс-сапармен келген кезде тұрғындар қоғамдық көліктен 2019 жылдан бері таршылық көріп келе жатқандарын айтып, шағымданды. Олардың айтуынша, қазіргі таңда ауылдан қалаға қатынайтын жалғыз автобус бар. Ол «Комсомол-Алматы» бағытындағы №231 қоғамдық көлік. Округке қарасты Көкқайнар және Төле би ауылдарының, жалпы саны 40-қа жуық саяжай аймағының (17 мың адам) халқы таксимен жүруге мәжбүр.
«Бұдан кейін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары және Алматы қалалық мобильділік басқармаларының қатысуымен «ZOOM» арқылы онлайн кездесу өткіздік. 28 шілде күні қалалық мобильділік басқармасына «Алматы II-Сералин көшесі» бағытында жолаушыларды тасымалдайтын №208 автобустың маршрутын өзгертуді, ұзартуды сұрап хат жолдадық. 9 қыркүйек күні аталған басқармадан мәселені шеше алмайтындары туралы жауап хат келді», — дейді ауыл әкімі Жасұлан Оңалбаев.
Хатта жазылған ақпаратқа қарағанда, №231 және №208 автобустардың жүру жолын ұзартқан жағдайда, көліктердің қатынау интервалы артады. Өз кезегінде, бұл жолаушылардың қарсылығын тудырады. Ал интервалдарды қысқарту үшін қосымша автобустар қажет. Тасымалдаушы компанияларда бос автобустардың болмауына байланысты хатта көрсетілген өтінішті орындау — мүмкін емес.
«Бұл бағыттардың қолданыстағы кестесі тұрғындардың өтініштеріне сәйкес бекітілген. Осыған орай, басқарма қоғамдық көліктердің кестесін өзгерту туралы мәселені қарай алмайды. Бос автобустардың болмауына қарай, жаңа маршруттар ашу туралы мәселе де қаралмайды», — делінген басқарма хатында.
Айта кетейік, ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, Алматы қаласынан 50 шақырым жерде орналасқан аймақтардағы жолаушылар тасымалымен қалалық мобильділік басқармасы айналысады.