«Нәжіс иісі кәріз суы жиналатын шұңқырдан шығып жатыр. Мектеп асханасында тыныс алу мүмкін емес. Бұндай жағдайда балаларды қалай тамақтандырып отыр?», — деп жазды Тамара Үмбетова.
Әйелдің айтуынша, бұл мектептің бой көтергеніне үш жыл уақыт болды. Оқу ордасына тамыз айында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов келген.
«Уақыт өтіп жатыр, ал оқушылар сабағы азайған. Үш жыл бойы олар дұрыс білім ала алмай келеді. Мектептің кәріз жүйесін неге жалпы ауылдың жүйесіне қоспаған? Түсініксіз», — деп шағымданды ауыл тұрғыны.
Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі аталған жазбаға пікір қалдырды. Баспасөз қызметінің ақпарына қарағанда, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша ауылға оның орынбасары Нұржан Құдайбергенов барып қайтты. Ол мамандармен бірлесе отырып, кәріз жүйесінің ақауы кеткен тұсын анықтады. Және сасық су толып қалған шұңқыр тазаланды.