Жалпы 4 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр, оның 1-еуі жабық (әскери бөлім). Ал екеуі Заречный ауылында, біреуі Арна ауылында орналасқан.
№953 сайлау учаскесінің төрағасы Светлана Дүйсекованың айтуынша, тұрғындар бүгінгі науқанға белсене қатысуда.
«Бұл учаскеде 1168 сайлаушы тіркелген. Тұрғындар науқанға белсене қатысуда. Әр 100-ші сайлаушыға сыйлықтар беріп жатырмыз. Таңғы 7.00-де өз жұмысымызды бастадық. Екі бақылаушымыз бар», — деді ол.
Таңдаған кандидатына дауыс берген Алмагүл есімді тұрғын сый-сияпатқа ие болды.
«Бұған дейін өткен сайлауларға да қатыстым. Бүгін 100-ші болып дауыс беріп, сыйлық алдым. Сайлау сәтті өтсін! Сайланған депутат елге көмегін тигізіп, беделді азамат болады деген ойдамын», — деді Алмагүл Кәкімбекова.
Ал Бақыт Жұмабеков болса, әр істе жастарға үміт артатынын айтты.
«Сайлау өз деңгейінде өтіп жатыр. «Жас келсе, іске» — дегендей, жастардың әр істің басында жүргені жақсы ғой. Оларды үнемі қолдау қажет. Бүгінгі кандидаттардың барлығы жас болғаны қуантады. Депутаттар ауылды көркейтуге атсалысады деп үміттенеміз», — деді ауыл тұрғыны.
Арна ауылындағы №955 сайлау учаскесінде осы уақытқа дейін 30%-дан астам сайлаушы дауыс беріп үлгерген.
«Бұл аймақта 601 сайлаушы тіркелген. Үйден дауыс беруге 7 адам өтініш берген. Қазір де ауылымыз жақсы. Одан ары дамып, қаламен теңеседі деп ойлаймыз. Бүгінгі сайланған депутат халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге білек сыбана кіріседі деген пікірдеміз», — деді сайлау учаскесінің төрағасы Қалдықыз Есенбаева.
Сонымен қатар алғаш рет сайлауға қатысқан Роман Некрасов та өз пікірін білдірді.
«Менің дауысым ел ертеңі үшін маңызды. Депутат болған адам өз міндетін қалтқысыз атқарып, сапалы жұмыс істеуі қажет», — деді ол.
Бүгін арналық 87 жасар Дәулетбақ Бақбаев та өз таңдауын жасады. Ол үйден дауыс берді.
Қалалық мәслихат депутатының сайлауында 4 кандидат бақ сынауда. Олар:
• Руслан Батырбеков — Қонаев қаласының тумасы;
• Қанат Қалиев — Андреевка ауылында туған;
• Самат Мухамедьяров — Қостанай облысының тумасы;
• Ахметжан Савутов — Еңбекшіқазақ ауданында туған.
Сайлау науқаны кезінде жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты 1 минуттық еске алу үзілісі болды.
Жалпы 4 сайлау учаскесі бойынша 3530 сайлаушы бар, оның ішінде 40 тұрғын үйден дауыс берушілер қатарында. Барлық сайлау учаскелерінде заңбұзушылықтар тіркелген жоқ.