Ақдала ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылуы ауыл өмірінде жаңа кезеңнің бастамасы болды. Нысан құрылысын «ГрадСтройСервис» ЖШС жүзеге асырды, оның жалпы құны 195 миллион 148 мың теңгені құрады, деп хабарлайды alataunews.kz.
Ауыл тұрғындары үшін бұл — көптен күткен қуанышты жаңалық. Заманауи талаптарға сай медициналық жабдықтармен толық қамтылған жаңа ғимарат ауыл тұрғындарына сапалы және жедел медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бір ауысымда 30 адамды қабылдауға арналған бұл пункт ауылдағы медициналық қызметтердің сапасын айтарлықтай жақсартпақ.
Пункттің ашылу салтанатында Балқаш ауданының әкімі А.Құтпанбетов елдің денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударып отырғанын, сондай-ақ ауылдық жерлерде медициналық қызмет көрсету сапасын арттырудың маңыздылығын атап өтті. «Жаңа ғимараттарыңыз құтты болсын! Ақ халатты абзал жандардың жұмысына табыс, абырой тілеймін! Ауыл халқының денсаулығын нығайтуда аянбай еңбек етіп, ел сенімін ақтай беріңіздер», — деді әкім.
Жаңа пункт ауылдағы аналар мен балаларға арналған медициналық қызмет сапасын арттырып, ауылдық денсаулық сақтау деңгейін жаңа белеске көтереді. Мұнда тәжірибелі мамандар мен заманауи құрал-жабдықтардың болуы тұрғындарға уақытылы әрі сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндік береді. Ауыл тұрғындары үшін бұл жоба тек медициналық қызмет көрсетумен ғана шектелмей, әлеуметтік-экономикалық дамуға да оң ықпал етеді.
Жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт — ауылдың денсаулық сақтау саласындағы тың серпіні мен өмір сапасын арттыру жолындағы маңызды қадам. Мемлекет пен жеке сектордың бірлескен жұмысы нәтижесінде қолға алынған бұл нысан ауыл тұрғындарына үміт сыйлап, олардың денсаулығын нығайтуға бағытталған ерекше жоба болып отыр.