Алматы облысына қарасты «Алтын Орда» базары біраз уақыттан бері қоғамда талқыланып келеді. Бүгінде базар толықтай мемлекеттік салық жүйесіне көшті ме? Саудадан салық толық көлемде төленіп жатыр ма? Бұл сұраққа өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев жауап берді.
Әкімнің айтуынша, қазіргі уақытта базар бір жүйеге келтірілген.
«Өткен жылы базарға құқық қорғау органдары, прокуратура және салық органдары барып, қажетті жұмыстар атқарды. Нәтижесінде бірнеше маңызды мәселелер шешілді. Бұған қоса, сол жерде саудамен айналысатын кәсіпкерлердің жаңа сауда нысандарын салу және олардың тиімділігін арттыру бойынша сұрақтары көтерілді. Қазір бұл мәселелер базардың жаңа акционерлерімен шешілді. Жалпы, салық төлеу деңгейі артты. Қазіргі таңда «Алтын Орда» базарында тек сауда орындары ғана емес, жатақхана мен қонақ үй сияқты нысандар да толықтай тіркеуге алынды», – деді облыс әкімі.