Облыс көлемінде 1-10 маусым аралығында өтетін арнайы он күндік, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Алтын балалық шақ» тұжырымдамасы негізінде өткізілетін болады.
Мереке күнгі балаларға тарту болар басты сый, Алматы облысының әкімшілік орталығы Қонаев қаласында өтетін OPEN AIR – «Әншуақ» атты концерттік бағдарламаға негізделген ауқымды шара болмақ.
Мұнда ән мен жырдан шашу шашылып, өнерпаз балалар өз өнерлерін ортаға салып қана қоймай, үзеңгілестерінен оза шапқан дарынды жастар марапатталатын болады.
Бұдан бөлек, «Қауіпсіз жаз -2024» облыстық акциясы өтеді. Акция шеңберінде мүдделі мемлекеттік құрылымдардың өкілдері балаларға демалыс кезінде су айдындары мен жолдардағы қауіпсіздік ережелері жайлы түсіндіретін болады. Сонымен қатар, түрлі спорттық жарыстар өткізіледі деп жоспарланған.
«Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған» демекші мереке күндері мүмкіндігі шектеулі балаларда назардан тыс қалмайды. Қайырымдылық акциясының негізінде мәдени, ойын-сауықтық бағдарламалар жүргізіледі деп көзделген. Сонымен қатар, балаларға бағытталған он күндік аясында барлық кітапханаларда ашық есік күндері өтеді. Өйткені, жас буынның басты қаруы-білім.
Балаларды қорғау күні қам көңіл балаларда шетте қалмайды, дейді мамандар. «Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балдырғандар мен аз қамтылған отбасыдан шыққан жеткіншектер үшін мереке күні ойын алаңдары мен түрлі аттриакциондар тегін түрде қызмет ететін болады»,-дейді Алматы облысы білім басқармасының тәрбие жұмысы,қорғаншылық,қамқоршылық және арнайы білім беру бөлімінің бас маманы Айжан Кәрібайқызы
Айта кетейік, жоғарыда аталған шаралар облыстағы барлық аудан, қалаларда пейілі ақ, бала көңілге қуаныш сыйлау үшін өткізіледі.