«Бүгінгі таңда тұтынушылардың пайдаланған ыстық су мен жылу үшін кәсіпорын алдындағы жалпы қарызы шамамен 1,5 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде заңды және жеке тұлғалармен қатар мемлекеттік мекемелер де бар. Қазір дебиторлық қарызды қайтару шараларын қолға алып жатырмыз», — деді Данияр Қазымбетов.
Компания өкілі қала тұрғындарын жылу мен ыстық суға қарыздарын төлеуге шақырды. Бұған дейін Алматы қаласының әкімдігі мегаполис жылыту маусымына толық дайын екенін мәлімдеген болатын.
Ережеге сәйкес, қаланы жылу жүйесіне қосу сыртқы ауа температурасы +8°С және одан төмен болғанда бес тәулік ішінде жүргізіледі. Бірінші кезекте жылуға денсаулық сақтау, білім беру ғимараттары және өзге де әлеуметтік объектілер қосылатын болады. Кейін жылу көппәтерлі тұрғын үйлерге беріледі.