Қала басшысымен кездесуге келген Наурызбай ауданының тұрғыны, бірінші топ мүгедегі, зағип жан қолында дипломы болса да, жұмысқа орналаса алмай жүргенін айтты.
«Жылына 15-16 студент медициналық колледжді бітіреді. Өздеріңіз арнайы грант бөліп, оқытып жатырсыздар. Дипломымызды, арнайы сертификатымызды алдық. Қолымызда диплом болса да, ешкім бізді жұмысқа алмайды», – деп шағымданды ол.
Ерболат Досаев мүмкіндігі шектеулі жандарды мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына мүмкіндік беретін арнайы квота бөлетінін жеткізді.
«Осыдан біраз уақыт бұрын жеке колледждер біз бөлген грантпен балаларды оқуға да алмаған болатын. Маған осы мәселеге қатысты хаттар келген. Мен Денсаулық сақтау басқармасына тапсырма берейін және арнайы квота бөлейін. Әр емхананың ішінде өзінің квотасы болады. Биыл және бұрын бітірген мамандардың құжаттары бір апта ішінде жинастырылып, олардың бағалары, сертификаттары дұрыс болса, бір ай ішінде денсаулық сақтау мекемелеріндегі бос орындарға орналастыру қарастырылсын. Жыл сайын бітірген мамандар санына қарай квота бөлінетін болады», – деді қала әкімі.