«Алматы қаласында бүгінде қала сыртындағы 19 және мектеп жанындағы 191 лагерь бар. Сондай-ақ, Оқушылар сарайында мемлекеттік «Өрнек» лагері бар. Орташа құны — 100 мыңнан 140 мың теңгеге дейін. Мектеп жанындағы лагерьлерде халықтың әлеуметтік осал топтары, көп балалы және аз қамтылған отбасылар санатындағы балаларға тамақ тегін беріледі», — деді Алматы қаласы Білім басқармасының тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Жанар Сағындықова.
Басқарма балалардың жазғы кезеңде қауіпсіз демалуы үшін, бос уақытын ұйымдастыру тұжырымдамасын әзірледі. Әртүрлі жастағы балаларға белгілі бір жағдайларда өзін қалай ұстау керектігі туралы шеберлік сыныптар мен тренингтерде үйретіледі.
«Балалардың қауіпсіздігі — ең маңызды мәселе. Алматы қаласының білім басқармасы жазғы демалыста әдістемелік ұсынымдармен сүйемелденетін тұжырымдама әзірледі. Балалар су айдындары мен қоғамдық орындарда өздерін қалай ұстау керектігі туралы барлық нұсқаулар бар. Балаларды кім және қанша адам сүйемелдеуі керек, ақпараттандыру қалай жүзеге асырылуы қажет. Сондықтан, ең бастысы-қауіпсіздік. Балаларды кез-келген жерге, мұражайға немесе тіпті саябаққа шығармас бұрын міндетті түрде қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулық жүргізіледі», — деп бөлісті Алматы қаласы Білім басқармасы Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми- әдістемелік орталығың тәрбие жұмысының жетекшісі Роза Ақмағанбетова.
Сондай-ақ, қалалық ТЖД лагерьлер аумағында қауіпсіздікті ұйымдастыру бойынша өз ұсыныстарымен бөлісті.
«Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша бүгінгі күні нұсқаулықтар жүргізілді, сондай-ақ өрт қауіпсіздігінің бар-жоғы тексерілді. Объектілерде өрт сөндіргіштер болуы тиіс. Егер бұл жазғы лагерьлер болса, онда шатырлар немесе киіз үйлерді орналастырған кезде топтар арасындағы қашықтық 15 м, шатырлар арасында 2,5 метр болуы керек. Сондай-ақ, жазғы лагерьлер ішкі және сыртқы су жүйесімен жабдықталмаған болса, олардың жұмысына рұқсат берілмейді», — деді Медеу ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы аға лейтенант Мағжан Есен.