Алматы қалалық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қалалық прокуратураның үйлестіруімен ұзақ уақыт бойы элиталық кокаин есірткісін сатумен айналысып келген қылмыстық топтың заңсыз әрекетінің жолын кесті.
Кешенді жедел іс-шаралар барысында күдіктілердің қылмыстық әрекеттері анықталды. Олардың ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатыстылығы туралы айғақтар табылды.
«Топ мүшелерін ұстау кезінде кокаин есірткі заты тәркіленді. Полицияға барлығы 5 адам жеткізіліп, оның екеуі қылмыстық топтың негізгі ұйымдастырушысы және белсенді қатысушысы екені белгілі болды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды», — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. ҚР ҚК-НІҢ 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.
ҚР Конституциясының 77 бабы 3-бөлімі, 1-тармағы, ҚР ҚК-НІҢ 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.