Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Алматы әкімі Ерболат Досаев құттықтап, зор денсаулық, мол табыс және Жаңа жылда барлық арманның орындалуын тіледі.
Шырша тойына келген балақайлар Қазақстан халық әртісі Роза Рымбаеваның орындауындағы «Кел, Жаңа жыл» әніне би билеп, көңіл көтерді.
Аяз Ата, Ақшақар және 2023 жылдың нышаны Қоянның қатысуымен шыршаның шамын жағу – театрландырылған қойылымның өзегіне айналды.
Бұған қоса, танымал тұлғалар Президент шыршасына келген қонақтарға бейнежазба арқылы жүрекжарды лебізін жолдады. Атап айтқанда, Димаш Құдайберген, Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, әнші Данелия Төлешова және тағы басқалары.
«Жаңа жылдық сиқыр» музыкалық-интерактивті шоу-спектаклі шырша тойының шырайын кіргізіп, Ерке Есмахан, Мұхтар Ханзада, КешYou тобы әннен шашу шашты.
Іс-шара соңында барлық қонақ Қазақстан Республикасы Президентінің атынан жаңа жылдық сыйлықтар алды.