Өткен жылы қаланың меншігіне «Алматы паркинг» қайтарылды. Ерболат Досаевтың айтуынша, Алматының тарихи орталығында 12500 тұрақ орны бар.
«Біз бірыңғай тұрақ кеңістігін қалыптастыру тұжырымдамасын аяқтаудамыз әрі қаланың барлық 8 ауданын қамтуды жоспарлап отырмыз. Әкімдік көліктер тұраққа қойылған көшелер бойындағы аумақтарды заңдастырып, оларды тиісті инфрақұрылымға біріктіреді», — деді Алматы әкімі
Қыркүйекке қарай сараланған төлем жүйесін іске қосу жоспарлануда. Оның төлемі мынадай болады: орталықта қымбат, жаңа аудандарға арзан.
«Төлемдер қаражаты бюджетке түседі. Сонымен қатар, мен бұл бюджетті былайша бөлдім: аудан қанша жинайды – жиналған қаржыны «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша кері қайтарамын. Сондай-ақ, көпдеңгейлі автотұрақтарды салу мәселесі қарастырылуда. Біз жеке тұлғаларды, өз жерлерінде осындай автотұрақтар салуға мүдделі адамдарды тартуға дайынбыз», — деді ол.
Ерболат Досаевтың айтуынша, қаладағы алғашқы көп деңгейлі автотұрақ Ұлттық банктің жанында орналасатын болады.