Нелли Петрованың кәмелетке толмаған 6 баласы бар жалғызбасты ана. Күйеуі маскүнемдікке салынып кетіп, қазіргі күні балаларды бір өзі бағып отыр. Көпбалалы ана жұмыс істемейді, өйткені кішкентай балаларды тастайтын жер жоқ. Балабақшаға апаруға балалардың киімі жоқ
«Күйеуім араққа салынып кетті. Аузы құрғамайтын болды. Үлкен ұлымды ұрып, балаларға тиісіп мазаны алды. Қазір сол күйі ішіп кетті, мен жалғыз қалдым», — дейді көпбалалы ана.
Қазіргі күні Нелли балаларды киіммен, тамақпен қамтамасыз ету үшін тағы бірнеше жерден несие алған. Қазір ол несиелердің біразы төленбей тұр.
Көпбалалы отбасы айналадағы азық-түлік дүкендерінің бәріне қарыз.
«Дүкенге қарызым 200 мың теңге болды. Басқа дүкенге қарызым 120 мың болды. Дүкендер азық-түлік қазір бермейді. Бір әйел көмектесіп, 1000-2000 теңге салып тұрады. Балаларға нан мен айран аламын. Ай сайынғы алатын әлеуметтік көмек 200 мың теңге. Онымен дүкендердегі қарызымды, 70 мың теңге несиемді жабамын», — деп жалғызбасты ана еңірегенде етегі толды.
Ал баспананың іші суық, балалар қыс бойы тоңып шыққан. Есікке көрпе іліп жылытып әлек. Петровтар отбасының жағдайын мектеп те, жергілікті әкімдік те біліп отыр.
«Петровтардың отбасындағы жағдайды білеміз. Біз үнемі оқу құралдарымен, киімдермен қамтамасыз етіп келеміз. Мектептің өзінің қоры бар. Осындай мұқтаж жандарға қолұшын беріп отырамыз. Мен қазір тағы тапсырма беріп, бұл отбасыға қандай көмек қажет екенін жеке өзім қадағалаймын», — деді Казцик орта мектебінің директоры Әлия Қасымова.
Ал ауыл әкімдігі демеушілермен келісіп қойғанын айтады.
«Ауылымыздың қоры бар, мұқтаж жандарға көмір, азық-түлікпен көмектесіп тұрады. Алла бұйыртса бұл отбасыға да көмектесеміз. Бұған дейін де көмектесіп тұрдық. Бір-екі демеушіге айтып қойдық. Қазір жыл басы болғандықтан демеушілер салықтарын төлеп қаражаттары болмай тұр, кәсіпкерлердің жұмыстары енді басталып жатыр. Міндетті түрде Петровтардың отбасыларына көмектеседі», — дейді Казцик ауылының әкімі Бауыржан Жұмабаев.