Алматыда жылу беру маусымы қалыпты өтуде, бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде «Алматы жылу желілері» ЖШС («АлТС» ЖШС) бас инженері Данияр Қазымбетов айтты.
Еске салайық, мегаполисте жылыту маусымы 17 қазанда басталған болатын. Коммуналдық мекемелер 8467 көпқабатты тұрғын үйді, 216 мектепті, 197 балабақшаны, 129 аурухананы тексеріп, жылыту маусымы басталмас бұрын алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізді.
«2022-2023 жылдардағы жылу беру кезеңінде 1352,33 км жылу желілері алдын ала дайындалды. Оның 811,5 км яғни, 60%-ның тозығы жеткен. Өйткені 25 жылдан астам уақыт пайдаланылған. Биыл 4,7 шақырым жылу желілері қайта жаңғыртылды. 2023 жылы 17,2 шақырым жылу желілерін реконструкциялау жоспарланып отыр. Жөндеу жұмыстарына тәулік бойы жұмыс істейтін 4 жедел бригада (98 адам), 12 жөндеу бригадасы (139 адам) жұмылдырылған. 64 бірлік арнайы техника осы іске тартылған», — деді Данияр Қазымбетов. Ол Алматы тұрғындарының «Алматы жылу желілеріне» шамамен 1,3 млрд теңге қарыз екенін айтты.