Спикердің мәліметінше, аталған 14 орынның 12-сі — Алма-Арасан шатқалы аумағында, 2-уі Үлкен Алматы мен Казачка өзендері бойында және Бутаковкада орналасқан. Ол жерлерде үстел-орындықтар, от жағуға арналған алаңқайлар мен мангалдар қарастырылған.
Сонымен бірге, ерекше қорғалатын табиғи аймақтардың аумағында және белгіленбеген жерде от жаққаны үшін Орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 367-бабы бойынша әкімшілік айыппұл салуға уәкілеттік барын атап өтті. Жеке тұлғаларға 10-нан 100 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін.
«Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ орманды қалпына келтіру және жаңғырту бөлімінің басшысы Райхан Мұхаметжанова өткен жылы ұлттық парк аумағында жалпы ауданы 19,5 га болатын 10 орман өрті болғанын айтты.
«Оның 10,5 гектары орманды жерлер. Өрттен келген залалдың жалпы сомасы 418 900 теңгені құрады», — деді ол.
Данияр Жүсіпов қала тұрғындары мен қонақтарына таулы-орманды жерлерде өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтау қажеттігін еске салды.
«Демалыс орындарында өрт тудыруы мүмкін қоқысты қалдырмай, оларды өзіңізден соң жинап кету керек, тұтанған сіріңкелерді, темекі тұқылдарын ешқайда тастамаңыздар, құрғақ шөпті жақпау қажет, от жағуға жол бермеңіз, арнайы бөлінбеген жерде мангал мен басқа да пісіру құралдарын пайдаланбау керек», — деді ол.