Қос шаһардың ортасын жалғап тұрған көлікке «Жолаушылар тасымалы» АҚ жауапты болған еді. Енді, 4 тамыздан бастап аталмыш міндет «Тұран Экспресс» ЖШС-не жүктелді.
Электр пойызы алғаш жолға шыққанда ондағы орын саны 175 болатын. Қазір вагон саны 6-ға жетіп, 294 жолаушыны тасымалдауға қауқарлы.
Жауаптылардың сөзіне сенсек, аталған бағыттағы пойыз бағасының қолжетімді болуы екі қала арасына қатынауға өте ыңғайлы болып отыр. Қонаевтан Алматыға бару құны — небәрі 450 теңге.
«Билеттер кез келген теміржол бекеттерінде сатылады. Тіпті, бекетке бас сұқпай-ақ, пойыздың ішінде де жол жүру билетін сатып алуға болады. Қарапайым халық үшін баға өте тиімді», — дейді Алматы облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Қанат Шарапиев.
Айта кетейік, аталған бағыттағы электр пойызы қос қаланың арасында күніне екі мезгіл жүреді. Пойыз таңғы 5:30-те Қонаев қаласынан Алматыға шығып, кешкі сағат 18:40-та алып шаһардан облыс орталығына қайта оралады.
Қазір тұрғындар тарапынан электр пойызына сұраныс артқан. Ресми деректерге сүйенсек, электр пойызымен бір айда 500-ге жуық жолаушы қатынайды. Жаңа оқу жылы басталғанда бұл көрсеткіш еселене түспек.