Алматы облысының полиция департаментіне 26 маусымда қару мен оқ-дәрілер сақтап отырған белгісіз ер адам жөнінде жедел ақпарат келіп түскен.
«Алматы облысы ПД ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі басқармасы қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру жұмыстары кезінде күдікті анықталып, ұсталды. Талғар ауданы Ардала ауылының маңынан төрт түрлі калибрлі қару табылып, тәркіленді. Бұл факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-бөлігі («Заңсыз қару сақтау») бойынша тіркелді», — деді Алматы облысының полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Әленов.
Қазіргі уақытта барлық қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.