Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар мен демалушыларға таулы аймақтарда аса сақ болуды ескертеді. 2025 жылдың 7–13 сәуірі аралығында облыс тауларында қар көшкіні жүру қаупі сақталып отыр.
Мамандардың айтуынша, қар басқан беткейлерге шығу – қар көшкінін тудыруы мүмкін. Осыған байланысты азаматтардан қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, таулы жерлерде арнайы ережелерді ұстану сұралады.
Қазіргі таңда Алматы облысы аумағында көшкін қаупі жоғары саналатын 55 учаске бар. Олар негізінен Іле Алатауы жотасының оңтүстік беткейінде орналасқан Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарының аумағында шоғырланған. Қар көшкіндері көбіне ауа температурасының күрт көтерілуі мен мол жауын-шашын (жаңбыр немесе қар түрінде) салдарынан орын алады.
ТЖД азаматтардың қауіпсіздігі үшін барлық қажетті шараларды қолға алғанын мәлімдейді. Дегенмен, әр азаматтың өз қауіпсіздігіне деген жауапкершілігі бірінші орында екенін естен шығармаған жөн.