Облыс прокуратурасы өңірлік әкімдікпен және аумақтық бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментімен бірлесіп, халықты газға қосу құнына талдау жүргізе бастады.
«Қазіргі таңда газға қосылу бағасы 350 мыңнан 700 мың теңгеге дейін соманы құрайды», — деп жазды прокуратура.
Мәселенің нақты себебін анықтау мақсатында облыс әкімдігінде «Алматыгазсервисхолдинг» ЖШС, «Тәуекел» компаниясы, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ, «APL constraction» ЖШС, «Жетісу газ құбыры» ЖШС, «Жетісу обл газ» ЖШС, «Эркай»ЖШС сияқты газ ұйымдарының өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесуде тарифті белгілеу, абоненттерді газға қосу бойынша жұмыстың құны және осы саладағы басқа да өзекті мәселелер талқыланды.
«Басқосудың соңында облыс прокуроры кездесуде айтылған мәселелердің оңтайлы және тиімді шешімін табумен айналысатын жұмыс тобын құруды ұсынды. Арнайы топ тұрғындарға да, бизнес өкілдеріне де ұтымды болатын бірыңғай бағаны анықтайды», — делінген хабарламада.