«Түркістан қаласында облыстық әмбебап ғылыми «Фараб» кітапханасында концерт қойдық. Көрермен көп жиналды. Ал Таразда «Баласағұн» орталық концерт залында ұйымдастырдық. Ондағы мәдениет үйінде бірде бір орын бос қалған жоқ. Шымкент қаласында Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында жоғары деңгейде өткіздік. Үш қаланың жұртшылығына алғыс айтамыз. Көрермен ықыласына бөленіп, шабыт алып қайттық», – деді «Алатау әуендері» мемлекеттік коммуналдық қазыналық мекемесінің директоры Ұлпан Ербатырова.
«Ән бесігі – Алатау» атты концерттік бағдарламасы аясында өңір әртістері «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің сүйемелдеуімен дәстүрлі және эстрада жанрында ән айтты. Ұлттық және заманауи биден шашу шашты. Сонымен қатар, түрлі аспаптың құлағында ойнап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Ұйым өнерпаздары жалпы саны 21 концерттік номер көрсетті.
Оңтүстік Қазақстан тұрғындарының ыстық ықыласына бөленген «Алатау әуендері» концерттік ұйымының әртістері жыл басынан бері Алматы облысының 160-тан аса түрлі шарасында өнер көрсеткен. Қазір ұжымда 70-ке жуық адам қызмет етеді. Айта кетерлігі, іссапар Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.