Кездесу барысында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бұл компанияның басқалардан артықшылығы — үлкен елді мекендерден бөлек, кіші ауылдармен де жұмыс жасай беретіні екенін айтты.
«Меморандум шеңберінде Алматы облысының үлкен проблемасы – кәріз-тазарту жүйесінің тозу түйіткіліне басымдық берілуі қажет. Сонымен қатар өңірде ауыл шаруашылығын дамыту үшін әлеует жеткілікті. Халықтың 83 пайызы ауылдарда тұрады. Бұдан бөлек, Алматы облысында туризмді дамыту мақсатында ең алдымен инфрақұрылымды жақсарту керек. Бүгін құжатқа қол қойылған соң сіздермен жұмыс жасауға белсене кірісетініміз белгілі. Жоғарыда аталған ауыл шаруашылығы, туризм салаларын ілгерілету үшін «Dutch Clean Tech»-тің сіңіретін еңбегі мол болатынына сенімдіміз», — деді облыс әкімі.
Ал компанияның бас маманы Яспер Слюймерс болса облыс тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін қос тараптың бірлескен жұмысы маңызды екенін атап өтті.
«Dutch Clean Tech» технологиясының ерекшелігі – электр энергиясын пайдалану көлемін 30%-ға үнемді қолдану. Ал кәріз-тазарту жүйесі тұнбаларының 40 пайызы қарашірік түзуге қайта қолданылады. Нысандар құрылысының барысында 80 пайыз қазақстандық жеткізуші компаниялармен жұмыс жасаймыз. Біздің компания өңірде 5-8 нысан салуды жоспарлап отыр. Осы уақытқа дейін бірнеше кәріз-тазарту құрылыстарын көріп, проблемамен таныстық. Алғашқы жоба – рекреациялық-туристік аймақтарға бағытталуы мүмкін», — деді бас маман.
Қос тарап өз пікірін білдірген соң меморандумға қол қойылды.
Қазіргі таңда «Dutch Clean Tech» серіктестігі облыс әкімдігімен коммерциялық және қаржы бағытындағы сұрақтарды шешіп жатыр. Одан кейін құрылысқа, инвестицияға жауапты мамандармен ақылдаса отырып, белгіленген нысанның құрылысы басталады.
Айта кетейік, 2022 жылдың 7 қарашасында Нидерланд компаниясы өңірдегі кәріз-тазарту жүйесін жаңартуға мүдделі екенін жазғанбыз.