Алматы облысы инвестицияға тартымды аймақ. Бүгінде өңірдің дамуына қолайлы жағдайлар жасалуда. Жалпы аймақтың даму межесі қандай? Облыстың әлеуеті мен болашағы қандай болмақ? Бұл сұрақтарға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев журналист Айбар Олжайға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды alataunews.kz.
«Алматы облысы жоғары қарқынмен дамып келеді, республика бойынша төртінші орында тұрмыз. Жалпы ішкі өнімнің де өсімі байқалады, алдыңғы жылдары облыс жетінші орыннан көтерілмеген еді. Айта кетерлігі, өндіріс пен кен орындарына тәуелді өңірлер халықаралық бағаға байланысты өзгеріске ұшырайды. Баға жоғарыласа, жалпы өнім де артады, төмендесе, сәйкесінше құлдырайды. Біздің облыс экономикасы бірегей құрылымға ие. Түрлі өндіріс орындарын орналастыруға мүмкіндік бар. Қонаев пен Алатау қалаларын және олардың айналасындағы елді мекендерді дамыту тек облысқа ғана емес, республикалық деңгейдегі диверсификацияға да әсер етеді деп сенеміз. Облыс дамыса, біз республикалық бюджетке де донор болуға мүмкіндігіміз бар. Одан бөлек, өңіріміздің климаты, географиялық орналасуы, Алматы сияқты ірі нарыққа жақындығымыз үлкен артықшылықтар береді. Өзбекстан мен Қырғызстанның да қашықтығы алыс емес. Бізде үлкен транзиттік мүмкіндіктер бар, алдағы уақытта Жетіген-Қазыбекбек теміржолы да аяқталуға жақын. Бұл теміржол Алматыны айналып өтетін маңызды нысан болады. Осы бағытта екі индустриялық аймақты құрып жатырмыз, бұл бізге экспорттық мүмкіндіктер ашпақ,» – деп атап өтті Марат Сұлтанғазиев.