Облыс әкімдігінде бұған дейін екі кездесу өтіп, жоба талқыланған болатын. Бүгін де ЖРТ салудың Алматы қаласы мен облыс тұрғындары үшін қолайлы әрі тиімді тұстары сөз етілді.
«Ташяпы» компаниясы Қаскелең – Есік – Талғар – Алматы – Ұзынағаш бағыттары бойынша жеңіл рельсті тарнспорт жүйесін дамытуды жоспарлап отыр. Халық тығыз қоныстанған Талғар және Қаскелең қалаларында ЖРТ жанында арнайы тұрақ болады. Тұрғындар көліктерін сол тұраққа қойып, ары қарай ЖРТ-мен Алматыға қатынайды. Бұл өз кезегінде қала мен оның маңындағы аудандарда кептелісті азайтады. Облыстың 300 мың адамы күніне Алматыға кіріп шығатынын ескерсек, қалаға жүктеме азаятыны сөзсіз.
Әзірше, жобаның жалпы құны қанша болатыны, тартылатын инвестиция көлемі белгісіз. Компания техникалық-экономикалық негіздемені дайындауға 3 шілдеден кейін кіріседі. Серіктестік мамандарының есептеуінше, айына 3,5-4 млрд кіріс кіреді деп жоспарланып отыр. Билет құны шамамен 500 теңге болады. Адамдар жұмысқа барып-қайтқан уақытта ЖРТ 50-100 мың тұрғынды тасымалдайды. ЖРТ ұзындығы 80 шақырым болмақ. Алматы мен Қонаев арасындағы жолды қосқанда 150 шақырымды құрамақ. Ал құрылыстың 1 кезеңі Талғар-Алматы арасында ЖРТ салудан басталады. Қонаев-Алматы жобасы 2-кезекте қаралады.
«Жоба Алматы қаласы мен облыс аумағында жол-көлік жүйесін дамытуға септігін тигізеді. Сонымен қатар үйлесімді-теңдестірілген жол-көлік кешенін құру, «Қала адамдар үшін» қағидатын іске асыру, аймақтың тартымдылығын арттыру секілді мәселелер шешіледі. Құжатқа қол қойылған соң да ақылдасатын бірнеше сұрақтар бар. Сіздердің ұсыныстарыңызға қарай ортақ шешім шығаратын боламыз», — деді өңір басшысы.