Бұл оқу ошағында ғылыми жобалармен айналысатын арнайы департамент құрылған.
«Біздегі басты мақсат – ғалымдарға қолдау көрсету және мүмкіндік беру. Ол үшін университетте арнайы ережелер қабылданды. Мысалы, мұнда «ішкі грант» деген жоба бар. Аталған жоба аясында университеттен белгілі бір көлемде қаржы бөлініп, ғалымдардың конкурсқа қатысуына мүмкіндік жасалады. Ал «ішкі гранттың» мақсаты – тиісті министрліктің гранттарын иеленуге алдын ала дайындау», – деді СДУ ғылым департаментінің директоры Қанат Оразалиев.
Сонымен қатар ол ғалымдардың жан-жаққа ғылыми мақалалар жариялап жатқанын айтты.
«Біздің университет Қазақстандағы барлық ЖОО-мен тығыз қарым-қатынаста әрі оқу ошақтары арасында үнемі іс-тәжірибелік алмасу ұйымдастырылып отырады. Бұдан бөлек, кейбір оқытушылар «мұғалім + ғалым» позициясында жұмыс жасайды. Яғни, мұғалімдік сағаты аз болғанымен, ол оқытушы ғылымда жетістікке жетуі қажет. Биыл 12 жоба грант арқылы қаржыландыруға ұсынылды. Жақсы нәтиже болады деген сенімдеміз», – деді Қанат Оразалиев.
СДУ-дың ішкі жобасы негізінде орындалған жобаның бірі – қазақ тілін шетел азаматтарына қашықтықтан үйретуге арналады. Латын қарпімен (А1, А2 деңгей бойынша) барлығы отыз сабақ түсіріліп, ютуб желісіне ашық сілтемемен салынған. Жоба жетекшісі Райхан Абнасырованың айтуынша, қазақ тілін қашықтықтан үйренгісі келетін шетелдік азаматтарға кирилл қарпімен оқу қиынға соғады. Сол себептен бейнесабақтар латын әліпбиінде түсірілген.
Ал денешынықтыру саласы бойынша тәлімгер ұстаз студенттерімен қосылып, тоғызқұмалақ ұлттық ойынын зерттеп, арнайы электронды кітап басып шығармақ. Білімгерлердің бұл жобаға қызығушылығы орасан.
Сондай-ақ биыл киберқауіпсіздік бойынша мамандар дайындауға арналған жоба шетелдік грантты ұтып алған. Ол платформа жақында жарыққа шықпақ.
Посмотреть эту публикацию в Instagram