2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы статистика бойынша, Алматы облысындағы «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Түрген шатқалындағы «Turgensai» және «Аюсай» туристік визит-орталықтарына еліміз бойынша ең көп саяхатшы келген. Алғашқы алты айда бұл орталыққа 258 632 адам саяхаттаған.
Екінші орынға алты айда 49 332 келушілерді жинаған Алматы облысының Шарын каньонындағы «Sharyn» визит-орталығы жайғасты.
Ал үшінші сатыға Ақмола облысының Зеренді қаласындағы визит-орталық тұрақтады. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында орталық 11 709 адамды қабылдаған.
Сондай-ақ Ақмола облысындағы Қорғалжын қорығының сапар орталығына 7 мыңнан астам адам барса, Алматы облысының Алтын-Емел ұлттық саябағындағы «Алтын-Емел» орталығына 6 мыңнан астам адам келген.
«Ұлттық парктердегі визит-орталықтар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жалпы алаңының 5 пайызынан аспайды және экологияға зиян келтірмей жұмыс істейді. Туристерге орналасу орны және келу ережелері туралы ақпарат беріледі, сондай-ақ тамақтану және уақытша орналастыру қызметтері көрсетіледі. Қазіргі таңда Қазақстанда мұндай нысандарға сұраныс артып келеді», — деп атап өтті ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.