Компания басшысының кеңесшісі Керімтай Әбдірахмановтың айтуынша, қазіргі таңда фермада күніне 3 рет 860 сиыр сауылып, 30 тонна сүт шығарылады. Ал екі жыл ішінде 2000 сиыр сатып алынса, күніне 70 тонна сүт өндірілмек.
«Облыс әкімдігінде өндіріс ошағын кеңейту бойынша жобамызды қорғап, өңір басшысының қолдауына ие болдық. Мұнда еуропалық гальштейн сүтті сиырын ұстап отырмыз. Кешенде 600-ден астам қызметкер жұмыс жасайды. Жұмысшылар ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі», — деді Керімтай Әбдірахманов.
Сонымен қатар ол сүтті еуростандарттарға сәйкестендіру мақсатында шетелдік мамандар компания өкілдерін оқытуға келетінін айтты.
«Біздің өнім Алматы қаласы мен оған іргелес жатқан елдімекендердегі 6000 дүкенде саудаланады. Сүт өндіруге шикізат Алматы облысының аудандарынан және Жетісу облысынан әкелінеді», — деді кеңесші маман.
Сондай-ақ бұл жерде мал азығын дайындау үшін арнайы бөлім құрылған. Еншісінде 3000 гектар суармалы алқап бар. Ол жерде жоңышқа, соя, бидай секілді дақылдар өсіріледі. Бұл бөлімде жергілікті тұрғындар жұмыс істейді. Орташа жалақы мөлшері 300-400 мың теңге аралығында.