Жылдық жоспарға сәйкес, өңірде 109 800 ағаш отырғызылуы тиіс. Оның ішінде облыс орталығы Қонаев қаласында 10 000 дана жасыл желекті егу көзделген.
Жалпыоблыстық тазалық күніне өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев те қатысты. Ол жер дүниенің бусанып, жасанатын шағында іске асқан бұл бастама өлкемізді көріктендіруге қосылған зор үлес деген пікірде.
«Бүгін «Бірге таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік өтіп жатыр. Игі шара жаңа өмірдің басталуы саналатын наурыз мерекесінің қарсаңында өтуде. Жалпы, сенбілікке 12 мың адам қатысып, 200-ге жуық техника жұмылдырылды», — деді өз сөзінде облыс әкімі.
Өңірді көркейтуге бағытталған істе төбе көрсеткендердің арасында облыстық жастар ресурстық орталығы да бар.
«Шараға «Жасыл ел» еңбек жасақтары, еріктілер мен «Біргеміз» фронт кеңсесінің жастары қатысып, өз үлестерін қосып жатыр. Бүгінгі науқан өңірді жасыл желекке айналдыру мақсатында ұйымдастырылған», — деді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Мақсат Кенешов.
Айта кетейік, бүгін облыста 100-ден астам көше, 12 шақырым арық жүйесі, 400-ден астам көпқабатты үйдің ауласы тазартылды.