Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының балалар емханасының меңгерушісі Елдана Әбенованың айтуынша, бүгінгі таңда облыста 16 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі 6502 бала бар. Олардың арасында жүйке жүйесінің ауруына шалдыққандар басымырақ, екінші орынды туа біткен ақаулары бар балақайлар, үшінші орынды психикалық және мінез-құлық бұзылулары алады.
Сала министрлігінің арнайы бұйрығына сәйкес, өңірде кембағал бүлдіршіндер мен әлеуметтік осал топтағы отбасылардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар жұмыс істейді.
Брифинг қонағы 3 жасқа дейінгі балалардың психофизикалық дамуына үнемі тексеру жүргізілетінін жеткізіп, 46 дамыту кабинетінің барын айтты.
«Қазіргі таңда балаларды оңалтудың жеке бағдарламасын іске асыру бойынша үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Өңірде стационар, жартылай стационар, үйде күтім жасау жағдайларында арнаулы әлеуметтік қызметті 200 төсектік облыстық балалар клиникалық ауруханасы көрсетеді», — деді Елдана Әбенова.
Сондай-ақ өңір балалары ем қабылдау үшін Алматы қаласындағы «Балбұлақ» пен Астанадағы оңалту орталықтарына жіберіледі. Облыс аумағындағы Жамбыл, Еңбекшіқазақ аудандарында да оңалту орталықтары бар. Мұнда жылына 600-ге дейін бала қабылданып, 35 стационар және 15 күндізгі стационар төсек ұйымдастырылған.
«Ата-аналар оңалту орталықтарына жолдаманы өздері тіркелген елдімекендердегі учаскелік дәрігерден алады. Балалардың бір жылда екі рет барып ем алуға мүмкіндіктері бар», — деді спикер.