Биыл бірінші жартыжылдықта Алматы облысына тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағынының көлемі 171,5 млн долларды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен (130,3 млн доллар) салыстырғанда 31,6% артық.
Ілияс Өсеров биыл шілдеде 2026 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы қабылданғанын еске салды. Тұжырымдама жаңа инвестициялық циклды қалыптастыруға және жаңа трендтерді, соның ішінде ESG стандарттарын ескере отырып, инвестициялар тарту саясатын қайта қарауға мүмкіндік береді.
Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде Үкімет алдына 2026 жылға қарай негізгі капиталға 34,6 трлн теңгеге дейін инвестициялар тарту жөнінде міндет қойылды.
Жалпы республикалық көрсеткішке қол жеткізу үшін 2022 жылы Алматы облысының негізгі капиталына 655,2 млрд теңге инвестиция тарту міндеті қойылды. 11 айдың қорытындысы бойынша Алматы облысының жылдық жоспарды орындауы 76,6%.
Облыс аграрлық-индустриялық бағыттағы өңірлерге жатады. Негізгі бәсекелестік артықшылықтар: Қазақстанның гидроресурстары қорларының жартысының, электр энергиясының жаңартылатын көздерін өндіру үшін қажетті инфрақұрылымның, сондай-ақ туристік-рекреациялық әлеуеттің болуы болып табылады.
Сонымен қатар, Қонаевтағы жаңа облыс орталығының кеңеюі мен дамуын, сондай-ақ G4-city ақылды қаласын құруды ескере отырып, өңір негізгі капиталға үлкен көлемде инвестициялар тарту бойынша айтарлықтай әлеуетке ие, деп атап өтті Ұлттық экономика вице-министрі.
Осыған байланысты ол, өңірге инвестициялар тарту, инвестициялық жобаларды іске асыру және жыл соңына дейін жоспарланған жобаларды пайдалануға беру бойынша проблемаларды шешу жөніндегі жұмысты күшейту қажет деді.
Айта өтейік, Алматыда 200-ден астам бизнес өкілдерінің басын қосқан Алматы облысының «Туған жерге тағзым» инвестициялық форумы өтіп жатыр. Форум аясында 800 млрд теңгеден астам сомаға 40-қа жуық меморандумға қол қою жоспарланды.