Мемлекет басшысының елді мекендерде 15 миллион ағаш егу бастамасына сай Алматы облысында да түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Мысалы, кеше өткен шарада Балқаш ауданына 2300, Қарасай ауданына 5200, Кеген ауданына 3200 түп ағаш табыс етілді.
«Бұл шын мәнінде елді мекендердің кемел келешегін қамдап, өсіп-өркендеуі үшін жасалып отырған бірден-бір игілікті іс деп ойлаймын. Тұқымынан өсірілген Шренк шыршасының 4 жылдық екпе көшеттерін осы деңгейге жеткізу үшін қаншама күш жұмсалған. Сондықтан қолға тиген көшеттерді одан әрі өсіру үшін еңбектену қажет», — деді Кеген орман шаруашылығының директоры Айболат Солтанғазиев.
Айта кетейік, аталған орман шаруашылығының мамандары орман қорының 42 гектар алқабына 285 мың дана шырша көшетін отырғызды. Қазіргі таңда тұрақты тұқымбақта шыршаның бір жылдық екпе көшетінен бастап 4 жылдық көшеттерге дейін күтіп-баптау жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр.