Ол жұмыс барысында өңірдегі «Шин Лайн» балмұздақ компаниясының жаңадан салынып жатқан өндірістік кластерімен танысты.
«Бүгінде кәсіпорын 18,5 мың тонна мұздатылған десерттерді шығарып жатыр. Оған қоса, мұздатылған қамыр және тез дайындалатын кеспе, сүт, май, дәмдеуіштер өндіреміз. Осы уақытқа дейін жалпы өнім көлемінің 20%-ы экспортқа шығарылып отырған. Биыл бұл көрсеткішті 30%-ға жеткізуді көздеп отырмыз. Экспортқа шығатын мемлекеттер қатарына Моңғолия, Кавказ, Орта Азия, Беларусь кіреді», – деді компанияның президенті Андрей Шин.
Өнеркәсіп басшысының айтуынша, құрылысы жүріп жатқан қоймада адамдардың орнына жасанды интеллект, яғни, роботтар жұмыс жасайтын болады. Оны арнайы жүйеде 1 ғана маман басқарады.
«Қазіргі заманғы кешеннің бір бөлігі қуаттылығы жылына 63 000 тонна өнім өндіретін ТМД-дағы ең заманауи балмұздақ фабрикасы болмақ. Ал бір бөлігі – басқа да азық-түлік өнімдерін шығаратын зауыт. Компания бүкіл қуатында жұмыс істей бастағанда қосымша 2500 адам жұмыспен қамтылады. 2025 жылға қарай өнімнің 50 пайызы шетелге шығарылады деп жоспарланып отыр», — деді Андрей Шин.
Сонымен қатар ол мемлекет тарапынан ұйымдастырылған барлық бағдарламаға қатысқандарын, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан субсидия алғандарын айтты.
Өз кезегінде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев компания өкілдерінің жұмысына сәттілік тілеп, өндіріске оң бағасын берді.