Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірдегі аграрлық сектордың маңызы және оның дамуы туралы баяндады, деп хабарлайды alataunews.kz.
Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, Алматы облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі бойынша Қазақстандағы үздік бес аймақтың қатарына кіреді. Өңірдің ауыл шаруашылығындағы үлесі 8,2% (Түркістан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарынан кейін).
Бүгінгі таңда Алматы облысы республикада ет, көкөніс, жеміс-жидек, картоп, жүгері, соя және күріш өндіру бойынша алдыңғы қатарда.
Ауыл шаруашылығы өндірушілері жыл сайын айтарлықтай мемлекеттік қолдауға ие болады. Биыл:
• Ауыл шаруашылығын дамытуға 33 млрд теңге бөлінді;
• Оның ішінде 27 млрд теңге субсидия ретінде берілді;
• Бұл қолдаумен шамамен 3963 шаруа қожалығы қамтылды.
2024 жылы дәнді дақылдардың жалпы өнімі 559 мың тонна болды, бұл өткен жылғы деңгейден 119 мың тоннаға артық. Орташа өнімділік 34,5 ц/га болды (2023 жылы – 26,8 ц/га).
Президент тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы саласында суармалы жерлерді ұлғайту басымдыққа ие. Қазіргі уақытта:
• Су үнемдеу технологияларын қолдану аумағы 23 мың гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 43,6 мың гектарға жетті.
• Алайда, бұл облыстың жалпы суармалы жерлерінің (246,2 мың гектар) 17%-ын ғана құрайды.
Сонымен қатар, суару жүйелерінің жоғары тозуы (60-70%) су ресурстарының айтарлықтай жоғалуына әкеледі.
2022-2024 жылдар аралығында 1,8 мың шақырым суару желілерін қайта жаңарту үшін 15,3 млрд теңге бөлінді.
Жақында Бакуде өткен саммит барысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстанның су ресурстарын қаржыландыру бойынша Ислам даму банкімен келісімге қол қойылды. Ислам даму банкі жалпы сомасы $1,15 млрд инвестиция салуды жоспарлап отыр, оның 20%-ы немесе 115 млрд теңге Алматы облысына бағытталады.
Бұл қаражат аймақтың су ресурстарын басқару жүйесін жақсартуға және ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға көмектеседі.
Қазіргі кезде пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесі күн тәртібінен түспейді.
• Барлығы 397 мың гектар пайдаланылмай жатқан жер анықталса, оның 84,1 мың гектары мемлекетке қайтарылды. Бұл Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен жоспардың 120%-ын құрайды (жоспар – 70 мың гектар).
• Алайда, бұл жұмыстар заңнамамен бекітілген рәсімдердің күрделілігіне байланысты қиындатылуда. Осыған байланысты тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу арқылы бұл рәсімдерді жеңілдету жөнінде Үкіметке ұсыныстар берілді. Бұл жерлерді қайтару және оларды ауыл шаруашылығы айналымына қосу процесін жеделдетуге мүмкіндік береді.
Мал шаруашылығындағы жетекші көрсеткіштер
Алматы облысы мал шаруашылығының бірнеше бағыты бойынша көшбасшы:
• Құс саны бойынша – 1-орын;
• Қой мен ешкі саны бойынша – 3-орын;
• Ірі қара мал, сүт және жұмыртқа өндіру бойынша – 4-орын.
Облыста 7 құс фабрикасы жұмыс істейді, олар құс етін өндіруде республикада 1-орында тұр. Жалпы өндіріс көлемі 114,3 мың тоннаны құрайды, бұл Қазақстандағы құс етінің үштен бір бөлігіне тең (республика бойынша – 368 мың тонна). Өңдеу үлесін 70%-ға дейін арттыру маңызды міндет.
Сүт өңдеу кәсіпорындарын жүктемемен қамтамасыз ету үшін:
• 15 млрд теңге сомасына 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда;
• Жаңа сүт-тауарлы фермаларды салу және қолданыстағыларын кеңейту қолға алынды;
• 5,2 мың бас асыл тұқымды ірі қара сатып алынуда, бұл сүт өндірісін жылына 31 мың тоннаға ұлғайтады.
Ет өңдеу бойынша Алматы облысында келесі танымал кәсіпорындар жұмыс істейді:
• «Первомайские деликатесы», «Барон Фуд», «Макария», «Алель Агро», «Алатау құс», «Прима құс»;
• Бұл кәсіпорындардың жалпы қуаты жылына 70 мың тонна өнім өндіреді.
Сонымен қатар, 2 млрд теңге сомасына қуаттылығы жылына 3 мың тонна болатын «Кеген МясПром» ет комбинатының құрылысы аяқталу сатысында. Бұл жоба 50 жұмыс орнын құрып, ет өңдеу деңгейін 63,3%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді (қазіргі көрсеткіш – 61,6%).
Бұл бастамалар өңірдің аграрлық секторын одан әрі дамытуға және оның өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған.
2024 жылдың басынан бері ауыл шаруашылығы саласында 5,1 миллиард теңге сомасына 8 жаңа жоба іске қосылып, 130 жаңа жұмыс орны ашылды. Олардың ішінде:
1. «Оспанова Девелопмент» ЖШС (Қонаев қаласы) – жылына 10 000 тонна балық өнімдерін өндіру жобасы. 2024 жылға инвестиция көлемі – 1,7 миллиард теңге.
2. «БалтабайАгро» ЖШС (Еңбекшіқазақ ауданы) – 6 мың бас малға арналған бордақылау алаңын кеңейтужобасы. Жобаның құны – 500 миллион теңге.
3. «Биокарбон» ЖШС (Балқаш ауданы) – күріш қауызынан 2 000 тонна отындық энергетикалық брикет өндіру жобасы. Инвестиция көлемі – 348 миллион теңге.
4. «Саин» ШҚ (Еңбекшіқазақ ауданы) – 20 гектар алқаптағы алма бағын кеңейту жобасы. Құны – 400 миллион теңге.
5. «ИПЗ» ЖШС (Еңбекшіқазақ ауданы) – консервіленген өнімдер (қызанақ) өндіретін зауытты кеңейту жобасы. Құны – 600 миллион теңге.
6. «Асыл» ШҚ (Райымбек ауданы) – балық шаруашылығы жобасы. Құны – 30 миллион теңге.
7. «Green Eco» ЖШС (Талғар ауданы) – жылыжайды кеңейту жобасы. Инвестиция көлемі – 300 миллион теңге.
8. «ФирсФиш» ЖШС (Еңбекшіқазақ ауданы) – балық шаруашылығы жобасы. Құны – 1,2 миллиард теңге.
Бұл жобалар өңірдің ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға елеулі үлес қосады.