Өңірде жұмыссыздықты азайту және экономиканы тұрақтандыру мақсатында маңызды шаралар қолға алынған, деп хабарлайды alataunews.kz.
Алматы облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Жансерік Әдиахметовтің айтуынша, биыл 66 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып, оның 76,6%-ы тұрақты жұмыс орындары болып табылады.
“Жыл басынан бері облыста 52,5 мың жұмыс орны ашылып, оның 39,7 мыңы тұрақты. Субсидияланатын жұмыс орындарына 11,8 мың адам жіберілді. Олардың қатарында жастар тәжірибесінен өткен 971 адам, қоғамдық жұмыстарда 8 153 адам және әлеуметтік жұмыс орындарында 601 адам бар. Сонымен қатар, ‘Күміс жас’ жобасы арқылы 1 442 азамат жұмысқа орналастырылды,” – деді Жансерік Әдиахметов.
“Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында жыл басынан бері 69 жұмыс жәрмеңкесі өткізіліп, 980 жұмыс беруші 9 065 бос жұмыс орнын ұсынды,” – деп мәлімдеді Әдиахметов.
Сонымен қатар, 279 адам, оның ішінде бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 54 азамат пен пробация қызметінде есепте тұрған 225 адам жәрдемдесу шараларына жүгінді. Олардың 224-і тұрақты жұмысқа орналастырылды, ал 17-сі қоғамдық жұмыстарға жіберілді.
Қысқа мерзімді курстар арқылы 624 жұмыссыз азамат кәсіби дағдыларын жетілдірді. “Бастау бизнес” бағдарламасы бойынша 2,9 мың адам оқытылып, олардың 260-ы әлеуметтік осал топтардан болып, 400 АЕК көлемінде грант алып, өз кәсіптерін бастау мүмкіндігіне ие болды.
Мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы қолдау шаралары да жүзеге асырылуда. Облыста 97 кәсіпорынға 166 жұмыс орнына квота белгіленіп, жыл басынан бері 1 143 мүгедектігі бар азаматтың 487-сі тұрақты жұмысқа орналастырылды.