Алматы облысы биылғы аграрлық маусымда ауыл шаруашылығының жоғары нәтижелерін көрсетті. Жүгері өнімділігі бойынша рекорд жаңарып, жаңа технологиялар мен инновациялық жобалардың арқасында өнімділік айтарлықтай артты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Досжан Жүзбаев мәлімдеді, деп хабарлайды alataunews.kz.
2023 жылы облыстағы егістік көлемі 419,5 мың гектарды құраса, оның ішінде 132 мың гектардан 357 мың тонна өнім жиналды. Жүгері дақылының үлесі ерекше болып, 107 мың тоннадан астам өнім жиналды, бұл салада аймақ жоғары көрсеткішке жетіп отыр.
«Ауыл шаруашылығында жаңашыл әдістерді қолдану арқылы өнімділікті 30%-ға дейін арттыруға қол жеткіздік. Бұл облысымыздың ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерінің бір бөлігі ғана», – деді Досжан Жүзбаев.
Сонымен қатар, мал шаруашылығы саласы да дамып келеді. Ірі қара мал саны 609,6 мың басқа, ұсақ мал саны 2,7 миллион басқа жетті, ал жылқы саны 228,9 мың басты құрады. Ет өндірісі 190,2 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 14,6%-ға өсті. Сүт өндірісі де тұрақты өсім көрсетті — 221,8 мың тонна.
Агроөнеркәсіптік кешенге салынған инвестициялар да ерекше рөл атқарды. Биыл жалпы құны 7,1 миллиард теңге болатын 10 ірі жоба іске асырылып, оның ішінде жылыжайлар, балық шаруашылығы және мал бордақылау кешендері кеңейтілді. Тамыз айында жылына 10 000 тонна балық өнімдерін өндіруге қауқарлы «ОспановаДевелопмент» ЖШС іске қосылды.
Су ресурстарын үнемді пайдалану мақсатында 38 мың гектар жерге заманауи суару жүйелері енгізіліп, өнімділікті арттыру мен су үнемдеу жұмыстары қолға алынды.
Шаруаларға қолдау көрсету мақсатында 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 8,3 миллиард теңге бөлініп, 1 090 шағын несие берілді. 2024 жылы бұл бағытқа тағы 17,6 миллиард теңге бөлініп, 2 514 шағын несие беру жоспарланып отыр, бұл ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлікті жаңа деңгейге көтереді.