Алматы облысында ЖРВИ мен тұмауға қарсы екпе егу науқаны ресми түрде басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Айдана Жексенбай мәлімдеді, деп хабарлайды alataunews.kz.
Лейла Серікбаеваның айтуынша, облыс көлемінде 305 екпе кабинеті және 505 төсек-орын дайындалған. Қазіргі уақытта ЖРВИ-дің 494 жағдайы тіркеліп, оның 7-еуі стационарда, ал 479 науқас амбулаториялық деңгейде ем алуда. Жүкті әйелдер арасында 33 жағдай анықталып, оның 20-сы стационарда емделуде.
Сондай-ақ, коронавирус инфекциясы бойынша 2023 жылы ауру көрсеткіші 2022 жылмен салыстырғанда 49 есе төмендеген. Биыл COVID-19-дың тек 4 жағдайы тіркеліп, өткен жылға қарағанда 38 есе азайғаны байқалады.
Спикерлердің мәлімдеуінше, маусымдық аурулардың алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация. Алматы облысында жалпы 163 000 адамға екпе салу жоспарланған. Екпе алуға жататын топтар арасында балалар, жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар азаматтар және қарттар бар. Вакцинациядан кейінгі қорғаныс әсері 8-12 күннен соң пайда болып, 12 айға дейін сақталады.
«ЖРВИ мен тұмаудан сақтану үшін қарапайым алдын алу шараларын сақтау маңызды: адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болу, қолды жиі жуып, маска тағу қажет», – деп ескертті Айдана Жексенбай.