ХХІ ғасырда балалар мектепке жаяу барады. Себебі мұнда такси келмейді. Жол жоқ. Батпаққа батқан бұқараның бүгінгі күні осы.
«Әкімшілік қаржыны қайда жіберіп жатқанын білмеймін. Жылда жол саламыз деп, ақшаны шашып жатыр. Бірақ нәтиже жоқ. Әр үй 30 мыңнан жинап, жол төсегенбіз. Ол жолдың тозығы жетті», – дейді Береке ауылының тұрғыны Жәмилә Қалиасқарова.
Наразы тұрғындардың сөзіне сенсек, мына жолды өздері салған. Себебі әкімдіктің жөндеу жұмыстары тоқтап қалыпты. Ал мердігер компания асфальтті қай жерге төсейтінін білмейді, өйткені жауапты орган өкілдері жол салынуы тиіс жерді сатып жіберген. Егер мұнда үй тұрғызылатын болса, ары-бері қатынауымыз бұдан да қиындай түседі, дейді жұрт.
Жергілікті билік өкілдерінен мардымды жауап болмады. Сметалық құжатта жол көрсетілмегендіктен осындай мәселе туындаған. Оның үстіне жобаны да біз жасамадық, бұған дейін қызмет еткен әкімдік өкілдері істеп кеткен дейді.
«Сызбасы біздің уақытта жасалған жоқ, бұның қай кезде сызылғаны белгісіз», – дейді Елтай ауылдық округі әкімінің орынбасары Біржан Белғожаев.
Сол қателікті түзетуге кім кедергі деген сұрағымызға тағы да жауап ала алмадық. Үнсіз тұрып, сәлден кейін бұл менің құзырымда емес деп құтылды. Енді, жергілікті жұрттың жолға қатысты мәселесінің қалай шешілері белгісіз.